Редакциялық-баспа орталығы

Редакциялық-баспа орталығы жайында

Марат Оспанов атындағы мемлекеттік медицина университетінің редакциялық баспа орталығы оқу орынының оқу, оқу-әдістемелік, ғылыми және арнайы әдебиеттерді, сондай-ақ, сұранысы жоғары бұрын шығарылған әдебиеттер мен оқулықтарды қайта басып шығаратын, «Батыс Қазақстан медицина журналы» мен «Медик» газетін басатын құрылымдық бөлімше болып табылады.

Редакциялық баспа орталығының  негізгі мақсаты оқу үрдісін қамтамасыз ету үшін университеттің Ғылыми Кеңесінде бекітілген жылдық тақырыптық жоспар бойынша мемлекеттік білім беру стандартына сай оқу құралдарын, оқу-әдістемелік әдебиеттер, ғылыми жұмыстар, анықтамалар, ақпараттық-жарнамалар және т.б. әдебиет түрлерін, сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоспарына енгізілген ведомствалық әдебиеттерді басып шығару болып табылады. Басылымдар орыс, қазақ, ағылшын тілдерінде шығарылады. Сонымен бірге  университеттің ішкі сұранысына орай «Мақтау қағазы», «Алғыс хат», «Құттықтау», «Шақыру», қалта кітап, күнтізбе, қағаз қалта, сыйқалта т.б. баспа өнімдерін басады. Редакциялық –баспа  орталығының  құрамына  «Батыс Қазақстан медицина журналы», «Медик» газеті, тираждау  цехы және  университет сайты кіреді.2013 жылдан бастап «Батыс Қазақстан медицина журналының» дербес сайты іске қосылды. 

«Медик» газетінің тұңғыш саны 1969 жылы  сол кездегі ректор Т.Ш.Шармановтың тікелей басшылығымен жарық көрді. Газеттің алғашқы редакторы В.И.Копистко. Басылым мемлекеттік саясат, Президент жолдауы, білім беру, денсаулық сақтау  мен тәрбие ісі саласындағы реформалар  туралы  жариялайды.  Газетте «Саламатты Қазақстан», «Тәуелсіз елім- менің»,  «Университеттің 55 жылдығы», «5 экономикалық форум», «Біздің адамдар», «Студент беті», «Сүйінші», «Бәрекелді», «Тұлға» т.б. айдарлар бар. Газетте сапа бөлімінің,  ғылыми кеңестің, үздіксіз білім беру және қабылдау комиссияс, кітапхана, өндірістік бөлім т.б. құрылымдық бөлімдерінің хабарламасы жиі жарияланады. 

Ғылыми-практикалық «Батыс Қазақстан медицина журналында»  «Аналитикалық  шолу», «Эксперименталды және клиникалық  зерттеулер», «Проблемалық мақала» «Бас мақала» деген айдар бар. Денсаулық сақтау саласында жарияланған мемлекеттік реформаларға байланысты  «Саламатты Қазақстан», «Білім берудің жаңа технологиясы», «Білім, ғылымдағы инновациялар»  деген жаңа айдарлар ашылды. «Алқалы жиын» деп аталатын бөлімде профессорлық-оқытушылар құрамының  отандық және шетелдік  іссапарларының нәтижелері  жарияланып келеді. Журнал   үш тілде, қазақ, ағылшын, орыс тілінде басылады. Университетте  ұйымдастырылған  конференциялардың тезистері журналдың қосымша санында жарияланады. Журнал  Қазақстан, ТМД және шет елдерге де  таратылады. Редакция ұжымы алдағы уақытта журналды халықаралық деңгейдегі іскерлік байланыс құралына айналдыру мақсатында іргелі істерді жоспарлап отыр.

Редакциялық баспа орталығының  тираждау цехында  газет-журналдан басқа  университеттің клиникалары мен құрылымдық бөлімдеріне арналған түрлі баспа өнімдері басылады. Бір жыл ішінде медициналық орталық, отбасылық және стомклиника,  зертхана мен  оқу бөліміне арналып орта  есеппен 1,5 млннан аса  парақ бланк және түрлі журналдар  дайындалады.  Республикалық көрмелер мен ғылыми практикалық конференциялар  үшін  стенд-көрмелер де баспадан шығады.  Редакциялық баспа  орталығы университеттің  55 жылдық мерейтойына арналған  «Дәстүр  және жаңғыру»  атты  тарихи-публицистикалық деректемелі  кітапты хаттап, беттеп баспаға тапсырып, оның басылып шығуына үлкен еңбек сіңірді. Осы датаға орайластырылып «Медицинаға  сіңірген  еңбегі  үшін» деген мерекелік медальдің көркемдік дизайны, 55 жылдықтың эмблемасы, естелік қаламсап пен сый қалтаның  дизайны дайындалды. Аталғандардан өзге  естелік қалта кітап, күнтізбе, өңірбелгі, конференцияның бағдарламасы, шақыру билеттері, мерекелік концерттің бағдарламасы да арнайы жасалды.

Университет сайты  үш тілде қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде университеттің  жаңалықтарын,  ғылыми конференциялар  т.б. шаралардың ұйымдастырылатындығы жайында ақпараттарды тұрақты жариялап келеді.  Сайттың негізгі бетінде  «Білім», «Ғылым», «Тәрбие», «Клиникалық жұмыстар», «Сапа бөлімі», «Ректор блогы» орналастырылған. Сонымен бірге осы бетте «Университет тарихы», «Мемлекеттік сатып алу», «Қабылдау  комиссиясы», «Студенттер үшін», «Мұражай», «Кәсіподақ» деген бөлімдер де бар. Үкіметтің,  Денсаулық сақтау, Ғылым және Білім министрліктерінің  сайттарының сілтемесі көрсетілген.  Сайт картасында  университеттің мекен жайы мен оның клиникаларының орналасу реті және қала картасы, жатақханалар мен басқа да құрылымдық  бөлімдердің  орны көрсетілген. Сайт   ішінде ұйымдастырылған іс шаралардың бейне жазбасы, суреттер архиві  де бар. Негізгі бетте кітапхана, «Батыс Қазақстан медицина журналы», «Медик» газетінің сілтемесі көрсетілген. Сайттың ресми адресі «zkdmu. kz».

Редакциялық баспа ортылығының материалдық –техникалық базасы жақсы. Орталық университеттің бас ғимаратында арнайы жабдықталған 4 жұмыс бөлмесінде орналасқан. Көлемі 102 шаршы метрдей. Еңбек өнімділігін арттыру мақсатында редакциялық баспа оталығындағы  компьютерлер түгелге жуық жаңартылып, орталық  әлемдік  ғаламтор желісіне қосылды. Халықаралық телефон байланысы үздіксіз жұмыс жасап тұр.  «Konika Minolta c6000 l» - баспа қондырғысы,   электрлі  желімдегіш, электрлі  пышақ, бет хаттаушы алынды. Сонымен бірге электрмен қалта кітап жапсыратын, қапсырма жасайтын құрылғылар да сатып алынды. Кеңселік жиһаз, үстел-орындықтар жаңартылып, жұмыс жасауға толық жағдай қалыптастырылған.

Редакциялық баспа орталығының кадрлық құрамы

Орталықтың кадрлық құрамы түгелге жуық кәсіби жоғары білімді мамандармен толықтырылды. Редакциялық баспа орталығындағы  мамандардың -11 жоғары білімді кәсіби маман. Екі маман арнаулы орта білімнен соң жоғарғы оқу орынының 4-5 курстарында сырттай білім алуда. Редакциялық баспа орталығының мамандары өздерінің білімі мен тәжірибелерін облыстық, республикалық деңгейдегі көрме, жиын, байқауларға жиі қатысып, біліктілігін арттырады.

Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс

Редакциялық баспа орталығы  республикалық   радио және телеарналар,  газет-журналдар редакциясымен тығыз байланыс орнатты. Республикалық «Қазақстан»  арнасы бойынша «Мемлекеттік тіл- менің тілім»,  облыстық телеарна бойынша «Тұқым қуалаушылық», «Отбасы және дәрігер», «Жайың қалай, студент?»  атты  телехабарлар ұйымдастырылды. Бұл телехабарларға   профессорлар, факультет декандары,  кафедра жетекшілері және студенттер қатыстырылды. Жергілікті радио торабы арқылы «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Саламатты Қазақстан», «Біздің мақтаныштарымыз» атты  радиохабарлар легі  ұйымдастырылды.

Республикалық  «Президент  және  халық» ,«Нұр Астана», «Дала мен қала»  газеттеріне университеттің 55 жылдығына арналған мақалалар топтамасы жарияланды. Университетте  мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асырылуы  да назардан тыс қалмады, бұл жөнінде  республикалық  «Ана  тілі» газетінде  «Болашақ дәрігерлер қазақша сөйлейді» атты  қазақ тілі каферасының  меңгерушісі М.Сәбитбекованың  мақаласы  орналастырылды.  Мемлекеттік  қоғамдық-саяси публицистикалық  «Айқын»  газетінде ,  «Парасат» «Денсаулық және отбасы» журналдарында да 55 жылдықтың тақырыбы қамтылды.

Кәсіби шеберлікті шыңдау үшін орталық жетекшісі І.Тажгулова мен көркеуші редактор С. Оразов «Коника Минолта» компаниясының сертификатына ие болды. С.Оразов дәрігерлердің облыстық кәсіподақ ұйымының Алғыс хатымен марапатталды. Тілші С.Тоғызбаева республикалық «Тілшілердің заңды құқығын қорғауы» атты республикалық  семинар жұмысына белсене ат салысты.

Редакция баспа орталығы мамандары алдағы уақытта  университеттің редакциялық баспа орталығын Батыс Қазақстан аймағындағы  жоғарғы және орта  арнаулы оқу орындары үшін  заманауи инновациялық технологияға негізделген ақпараттық  технологиялық орталыққа айналдыруды жоспарлап отыр.